Өртті қасақана қойған болуы мүмкін - Марат Ахметжанов
Үкімет отырысынан кейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Абай облысындағы орман өртінің шығу нұсқалары туралы айтты, деп хабарлайды Arbat.media.
Министр қазір төтенше жағдайға қатысты тергеу амалдары басталғанын атады.
Тергеу жүріп жатыр. Әлдекімдер өртті қасақана қойды деген нұсқа бар. Іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. Осы топта ІІМ қызметкерлері бар, тергеудің барысын көрейік. Өрттің шығуына немқұрайлылықтың, найзағай түсудің нұсқасы айтылды. Сараптамалар мен іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Тергеуге екі ай уақыт берілді, - деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар министр төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильинге қатысты жеке іс немесе тексеру жүргізу туралы мәселеге де тоқталды.
Президент бас прокурорға тапсырма берді, оның аясында тексеру жұмыстары жүргізіледі. Өрт дерегі- бұл төтенше жағдай, адамдар қаза тапты, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру болады. Неліктен уақтылы шара қолданбады? Немқұрайлылық та шығар. Қызметтік міндеттерін орындамау бар, - деді министр өз жауабында.