Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының сотталған экс-әкімін қонаққа шақырды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірді басқарып жүріп сотты болған Қуаныш Ысқақовты жыл қорытындысына арналған кешке шақырды, деп хабарлайды arbat.media.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желіде жазба жариялап, Қызылорда облысының қазіргі және экс-әкімімен бірге түскен суретін жариялады.
Қасірет атқыр ауған соғысындағы оқ пен оттың ортасынан аман қалып, еліне еңбек жасаған, Қызылорда облысының әкімі болып қызмет еткен Қуаныш Ысқақовты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін ортамызға арнайы шақырды. Бұл үлкен азаматтық пен бекзаттықтың көрінісі. Нұрлыбек бауырыма үлкен рахмет! Қуаныш баурымызды ерекше құрметтеймін. Әділдік салтанат құратын күн де болар. Ел жақсыларының амандығы мен ынтымағына ешнәрсе жетпейді. Тәңірім азаматтарымыздың алауыздығы мен күншілдіктерінен сақтасын, - деп жазды сенатор.
Қуаныш Ысқақов 2019 жылы маусым айының соңында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған. Алайда араға бір жыл салып оған қордың ақшасын жымқырды деген күдікпен іс қозғалған еді. 2020 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қалалық №2 соты Қуанышбек Ысқақовты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеуге тиіс болып, мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылған еді. Алайда ол 2022 жылдың шілде айында бостандыққа шықты.