Мұхамедиұлының ісіне қатысты сотта Ақтоты Райымқұлова жауап берді
Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін аталған іс бойынша тағы бір экс-министр Ақтоты Райымқұловадан онлайн жауап алынды, деп хабарлайды Arbat.media.
El.kz-тің жазуынша, Ақтоты Райымқұлова Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған тұста орынбасар қызметін атқарды. Кейін өзі министр қызметіне кіріскенде, Мұхамедиұлы Ұлттық музейге директорлыққа тағайындалды. Ақтоты Райымқұлова министрлікті 2019-2022 жылдар аралығында басқарған болатын.
Мұхамедиұлы былтыр мамыр айында «Алтын адамның әлем елдеріне шеруі» атты халықаралық көрме өткізу үшін мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқанда, бюджеттің 146 миллион теңге қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған.
Ұлттық музейдің айыпталушы директоры 2020 жылы аталған жобаны ұйымдастыру жұмыстарын жеке өзі басқарғанын айтты. Бұған сол тұста министр болған Райымқұлова Үндістанда көрмені өткізуге рұқсат бермедім деп отыр.
Пандемия басталып, 2020 жылы көптеген елдер көрмелер өткізуді тоқтатты. Ұлттық музей директоры қандай да бір себептермен Үндістанда көрме өткізуге шешім қабылдады. Мен бұған рұқсат берген жоқпын. Локдаун басталғанда кемі жарты жыл шетелдік іс-сапарларды тоқтату керектігін айтқанмын,- деді Райымқұлова.
Министр Ұлттық музей басшылығының Үндістанға көрме өткізу кеткенін кейін білген. Мереке күндері ауырып қалғанын (8 наурыз), медициналық анықтамасы бар екенін айтып отыр.
12 наурызда Мұхамедиұлынан келген хатты вице-министр қызметіндегі министрдің міндетін атқарушы пысықтады. Сол тұста Үндістанда локдаун жарияланды және барлық іс-шаралар тоқтатылды. Мұхамедиұлы көрмені 18 наурызға жоспарлаған. Бірақ пандемияға байланысты барлық көрме материалдарын елге шұғыл түрде қайтару ұсынылды. Қалған төрт көрмеге бөлінген қаражат республикалық бюджетке қайтарылды, - дейді ол.
Еске салсақ, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда тұтқындалды. Ол «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесіне бөлінген миллиондаған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді.