Мәжіліс депутаты журналистерді хайуанаттар әлеміндегі қолтырауынға теңеді
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза журналистерді қолтырауынға теңеймін деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Arbat.media.
Бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған депутаттың көзқарасы БАҚ өкілдерінің шамына қатты тиді. Аталған жазбада мәжілісмен жабайы әлемдегі жыртқыштың әрекетін журналистермен салыстырған.
Кеше "Nat Geo Wild" арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда, әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отыралы екен. Яғни қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлем мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға, - деп жазды Самат Нұртаза.
Алайда пленарлық отырыстан шыққан депутаттың әңгімесі ақталуға ұласты. Ол бұл жазбасының астарында философиялық ой жатқанын түсіндіруге барынша тырысып-ақ бақты.
Біздің бөліп-жарасыздар. Сол сияқты хайуанаттар әлемімен салыстырдым. Өзім хайуанаттар әлемін жақсы көремін. Экологияны да. Сондықтан солай... Бұл философиялық салыстыру. Өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Сіздерді емес, мен жалпы табиғатпен салыстырып отырмын. Сіздер мені сондай жауапқа итермелеп жатырсыздар, - деді ол жауап беру кезінде.
Кейін депутат әлеуметтік желіде қайтадан жазба жариялап, өзінің әрекетін көпшіліктің түсінбегенін атады.
Журналистер туралы жазған қалжыңым орынсыз болды. Ашылғым келді, бірақ тәсілім өтпеді, ұнамады, қабылданбады. Бүгінгі күн маған - сабақ. Бұл қоғамға классикалық, салмақты, тұйықтау депутат керек екен. Солай түсіндім, - деді ол.