Новости Казахстана12 апреля 2023, 16:59

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған мәселе көп - Еділ Жаңбыршин

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстаудағы жұмыссыздар мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Arbat.media

Соңғы бірнеше күнде Маңғыстау облысында, кейін Астанада жалғасқан жаңаөзендік жұмыссыз қалған мұнайшылардың мәселесіне қатысты Еділ Жаңбыршин Мәжілісте мәселе көтерді.

Кейінгі жылдары еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнай газ кәсіпорындарына қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиі болып жүр. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелері шешілмеген соң Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын.  Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт насихат кезінде бірнеше сервистік компаниялар “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-ның ережелерінің талаптарының ескіргенін және қазіргі талаптарға сәйкес келмейтінін айтып шағымданған болатын. Мысалы, Маңғыстауда бір ғана ЖШС жұмыссыздық беле4 алған Жаңаөзен қаласы, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, жергілікті әйел адамдарды жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда жыл сайын өтетін тендер нәтижесінде тоқсан пайыз қызметкері жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Үкімет, “Самұрық Қазына”, жергілікті атқарушы биліктен жүйелі жұмыс жасалмады. Маңғыстауда жарылайын деп тұрған мәселе көп. Оларды емдеумен айналыспаса ары қарай ушыға береді” - деді Е.Жаңбыршин.

Төменгі Палатаның депутаты қазір туындаған еңбек дауына қатысты мәселені айтумен қатар оны жолын ұсынды.  

 “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ өздерінің ережелеріне шұғыл түрде енгізу керек деп есептеймін. Бірінші, бағаға шектеу қою. Мысалы, тендер кезінде он пайыз төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялар мен көпжылдық келісімшартқа отыру сұрағы шешілсін. Яғни, компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтерді қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға  ойына түспеу керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл болады. Және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайларды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тараптан бақылап отыруға мүмкіндік туады”, - деді депутат.

Сонымен бірге Еділ Терекбайұлы дау тудырған мәселелерді болдырмас үшін тендердегі кілтипандарға жауапкершілікпен қарауды атады.

Кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларына жауапкершілік қаралсын. Сөз соңында айтпағымыз конституцияға сәйкес еліміздің байлығы халыққа тиесілі. Яғни, қазба байлық тұрғындардың әл қуатын арттыруға қызмет етуі керек. Сондықтан “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ және оның еншілес компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс істеп, халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасасын, - деді ол.  

Еділ Жаңбыршин Мәжілістің өткен шақырылымында депутат болып, "әділ мемлекет құру үшін Назарбаев жүйесін құрту керек" деп пікір білдіруімен ерекше есте қалған. Оны қоғам өкілдері Қазақстанның президенті болған Н.Назарбаев туралы бұрын жазған жылы жазбасын көрсетіп, кеңінен талқылаған болатын. Сонымен бірге, депутат Үкімет мүшелерін сынап, олардың мемлекеттік тілді еркін меңгермеуіне байланысты бірнеше рет ескерту жасаған еді. 

Еділ Жаңбыршин Маңғыстау Астана Депутаттық сауал

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!