Маңғыстауда қызыл кітапқа енген балықтың ірі көлемін тасымалдаған тұрғын ұсталды
Маңғыстау облысында полицейлер 120 келіден астам бекіре балығын көлікпен тасымалдаған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Arbat.media.
Өңірде 24 ақпаннан 13 наурыз аралығында браконьерлікті, биологиялық ресурстар нысандарының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында "Браконьер" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың 10 наурызында сағат 23:00 шамасында Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ақтау-Форт-Шевченко республикалық маңызы бар тас жолының 29-шы шақырымында табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп "Lada 2112" маркалы күдікті автокөлікті тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышта жалпы салмағы 124 келі болатын 33 дана заңсыз ауланған бекіре балығы табылып, тәркіленді, - деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Бұл дерек ҚР ҚК 339-бабы бойынша Түпқараған ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Полицейлер 26 жастағы күдікті азаматты ұстап, тәркіленген балық "Kazakh Osetr" ЖШС-не тапсырылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейтіні айтылды.