Маңғыстауда мұнай компаниясынан жұмыс талап еткен тұрғындар жолды жауып тастады
Маңғыстау облысындағы Жетібай кентіндегі №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жұмыс талап еткен тұрғындар жауып тастады, деп хабарлайды Arbat.media.
27 наурыз күні сағат 10.40-та Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, ауыл әкімдігінің алдына жиналған. Кейін жиналған азаматтармен Жетібай ауылының әкімі Н.Елбаев кездескені туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Жетібай кентіндегі наразылық туралы Жұмагүл есімді ауыл тұрғыны Arbat.media-ға пікір білдірді. Оның сөзінше, аудандағы үш ауылдан екі жүзге жуық жұмыссыз адам әкімдікке талап қойған.
Мұнайшы, Жетібай, Құрық, ауылдарының екі жүзде астам адам наразылыққа қатысты. Олардың барлығы мұнай-газ компаниясына Қарақия ауданы бойынша қосымша вакансия бөлінсе деп отыр. Талаптың бірі ретінде Жетібай ауылының жастары толығымен компанияға жұмысқа кірсін деген ұсыныс айтылды. Алайда аудан әкімімен кездесуде қазіргі уақытта талаптарды орындау мүмкін еместігін ашық айтты, - деді Жетібай ауылының Жұмагүл есімді тұрғыны.
Жергілікті атқарушы органдар тарапы мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мұнай компанияларындағы бос жұмыс орындарына сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізген. Осы ретте талап қоюшылар Жетібай №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастап, көліктер мен адамдардың жүріп-тұру еркіндігін шектеген көрінеді.
Қазіргі таңда Қарақия ауданының әкімі Қ.Беков пен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Шопанов заңсыз наразылық акциясына қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудан әкімі Қыдырберді Беков түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үшін жиналғандарды Жетібай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында шақырып, жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында жұмыс атқарып жатыр, деді Қарақия ауданының әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Аудан әкімі Қыдырберді Бековтың айтуынша, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар, Жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.
Соңғы он жылға жуық уақыттан бері мұнай-газ кешеніндегі компаниялардың штатына жұмысшы алуға мораторий жарияланған. Бұл ретте компаниялар қажетті жұмысшыларды аутсорсинг арқылы қабылдап, адам санын толтырып келеді. Сонымен бірге, мұнай компанияларына жұмысқа орналасуға ниетті адамдардың қарасы көп.