Маңғыстау облысында жер сілкінісінің дүмпуі сезілді
Маңғыстау қаласында жер сілкінісі сезіліп, кейбір пәтерлерде белгілері байқалды, деп хабарлайды Arbat.media.
Түс уақытында жер сілкінісін сезіндік. Сегізінші қабатта тұрамыз. Жерде жатқан едім, арқаммен жердің дүмпуін сездім әрі жарық шамдары қозғалды, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Амангелді Байзрахманұлы.
Дерек бойынша, Маңғыстау облысында магнитудасы 4,7 жер сілкінісі болғаны анықталды. Бұл туралы Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы мәлімдеді.
Жер қабаттарының дүмпуі Астана уақыты бойынша сағат 13:25-те тіркелген. Жер сілкінісің эпицентрі Форт-Шевченкодан солтүстік-шығысқа қарай 187 шақырым және Шетпе кентінен солтүстікке қарай 104 шақырым жерде орналасқан. Ошақ 10 шақырым тереңдікте болған.
Аталған жер сілкінісінен кейінгі залал туралы ешқандай ақпарат түскен жоқ. Бұған дейін наурыз айының соңында Алматы облысында жер сілкінісі тіркелді. Сонымен бірге, еліміздің оңтүстік облыстарында сейсмикалық жағдай байқалды.