Киік 16 мың гектар егіс алқабын таптап кеткен
Ақтөбе облысының екі ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді киік таптап кеткен, оның аумағы 16 мың гектар болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Шаруалар егіске келген шығынды қазір есептеп жатыр.
«Алқапта дән себу аяқталған бойда киік көбейіп кетті. Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылына Жангелдин, Ақтасты ауылдары жағынан келді. Қуып, кері қайтарғандай болдық, кезекшілік те қойдық, екі бригада жұмыс істеді, көлікпен күзеттік. Бәрібір киік егін алқабына кіріп кетіп, таптап, жерді қазып тастады. Киік кірген соң гектардан 4 центнер жоғалттық. Бір алқаптан шамамен 200 тонна жоғалттық. Әр тоннасы 60 мың десек, 12 млн теңгеден айырылдық. Және киік жүрген жердегі алқап гектарынан 4 центнер бидай жиналды. Тапталмаған жерінде гектарынан 8-9 центнер алдық. Бәрін қуып жүру мүмкін емес»,- деді ЖШС директоры Александр Чемоданов.