Новости Казахстана7 сентября 2023, 17:30

Kaspi банк қызметкері шабуыл оқиғасын егжей-тегжей баяндады

Kaspi банк қызметкері шабуыл оқиғасын егжей-тегжей баяндап берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты Kaspi Bank ғимаратына жасалған шабуыл ісін қарауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмыс күні еді, бірақ клиенттер болған жоқ. Әріптесіммен жұмыс туралы сөйлесіп отырдық. Бір кезде Ә. Мурадов келді. Мен оны клиент деп ойлап, амандастым. Ол бірден әріптесімді ұстап, мойнына тапанша тәрізді қаруды тақады. Бірақ ол рас тапанша ма, білмедім. Содан кейін ол дөрекілік танытып, барлық есікті жауып тастады және бізді өлтіретінін айтты, яғни маған барлық есікті кілтпен жабуымды бұйырды. Мен не істерімді білмей, бір орында тұрып қалдым. Сосын мен күзетшіге қарай жүгірдім, көмек сұрап, белгісіз біреудің келгенін айттым. Кейін күзетші сыртқа шығып, қайта кірмеді. Сосын мен киім ілетін жердің кілтін табуға тырыстым, бірақ таба алмадым. Одан соң менеджер әріптесім екеуміз тыныш отырдық», - деді сот барысында банк қызметкері әрі зардап шегуші.

Оның айтуынша, осы арада олар полицияға хабарласып үлгерген.

«Бір кезде шабуылдаушы бізге айқайлай бастады, не істеп жатқанымызды сұрады. Содан соң ол маған делдал болатынымды айтып, қағазға бүкіл талаптарын жазуды сұрады. Атап айтқанда, күзетшінің қайтып оралуын және банктің ақшасын аударуды талап етті. Оның талаптарын қағазға жазып, шыға беріс есіктің жанына қалдырдым. Одан әрі полиция қызметкерлері алып кетті. Сосын әріптесім екеуміз кассаның артында 2-3 сағат тығылып отырдық. Біраздан соң ол бәрін жарып жіберетінін айтып айқайлады және ғимаратқа ешкімнің кірмеуін талап етті. «Мен қызметкерлерді аяймын, ешкімге зиян тигізгім келмейді, бірақ солай болуы керек» деді», - деп толықтырды зардап шегуші.

Сондай-ақ, оқиға куәгері бір сағаттан кейін күдіктінің келіссөздер бөлмесіне кіргенін айтты.

«Сол сәтте мен ата-анама хабарлама жібере бастадым. Касса жабық болды, мен ештеңе естімедім. 3 сағат келіссөзден кейін арнайы күштер мен полицейлер кетіп қалды. Содан соң бір нәрсе жарылды, арнайы күш мамандары тез кетуімізді сұрады. Осылайша бізді сыртқа алып шықты, еденде қан іздері болды», - дейді банк қызметкері.

Kaspi bank Шабуыл Алматы Оқыс оқиға

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!