Елімізде мал ұрлығымен айналысқан 19 ұйымдасқан топ мүшесі ұсталды
Ауыл тұрғындары үшін ауыр тиетін және ең көп таралған қылмыс түрі мал ұрлығымен күресу және оның алдын алу қазіргі уақытта аса өзекті болып отыр – деп хабарлайды Arbat.media.
Polisia.kz-тің жазуынша, жақында ІІМ үш мыңнан астам полиция қызметкері мен 200-ден астам ауыл шаруашылығы және ветеринариялық бақылау басқармаларының мамандарын тарта отырып, кезекті “Мал ұрлығы” жедел-алдын алу шарасын өткізді.
Операцияның төрт күнінде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 11 695 автокөлік, 4 226 мал және ет өнімдерін сатып алу, өткізу орындары, сондай-ақ 8 708 шаруа қожалықтары мен мал жайылымдары тексерілді. Бұл ретте 22 мал ұрлығы және бұрын жасалған 115 қылмыс ашылды.
Осы қылмысты жасағаны үшін 136 адам ұсталды, оның ішінде 19 ұйымдасқан топ бар. 589 мал басы табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
Мәселен, Алматы облысы ПД қызметкерлері төрт адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты, олар еркін жайылымнан бірнеше рет мал ұрлығын жасаған. Өткен жылғы қыркүйектен бастап олар 30-дан астам жылқы ұрлаған. Барлық жағдайда қылмыскерлер ұрланған мал бастарын алдын-ала жалданған ауыр жүк көліктерімен алып кеткен. Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында екі рет мал ұрлығын жасаған күдікті ұсталды. Ұрланған 22 жылқыны ұстау және тәркілеу Алматы облысы Ұзынағаш ауданының аумағында жүргізілді, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев.
Сонымен қатар, ветеринария саласында 864 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тиісті құжаттарсыз мал және ет өнімдерін тасымалдау және сату фактілері орын алған.
Бұрын қабылданған заңнамалық сипаттағы шараларға тоқталсақ, Қылмыстық кодекске “мал ұрлығы” жеке бап ретінде енгізіліп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді, сондай-ақ еркін жайылымда малдың бақылаусыз болуына тыйым салатын ауыл шаруашылық малдарын жаю қағидалары бекітілді. Оған қоса жоғарыда аталған профилактикалық іс-шаралар бар. Бұл шаралар өткен жылы мал ұрлығын азайтуға мүмкіндік берді. Дәл осындай оң үрдіс ағымдағы жылы да байқалады. Жұмыс сапасын одан әрі жақсарту мақсатында ІІМ әзірлеп жатқан 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасына ауыл шаруашылығы малдарын цифрландыруға ғана емес, сонымен қатар әрбір жеке малды союға дейін қадағалауға мүмкіндік беретін бірқатар бастамалар енгізілді. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді, мал ұрлығына қарсы міндеттерді орындауды әрі қарай жалғастыратын болады, – деді Айдос Рысбаев.