Елді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Үкімет басшысының, мемлекеттік органдар басшылары және, облыс, ірі маңызды қала әкімдерінінң қатысуымен өткен жиында елді дамыту үшін саяси жүйені жаңғырту жеткіліксіз екенін атады, деп хабарлайды Arbat.media.
Мемлекет басшысы аталған жиында саяси жүйені жаңғыртудан бұрын қоғамда саяси мәдениет қалыптастыру керектігін атады.
Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі. Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ, - деді Тоқаев.
Сонымен бірге, ол елдегі діни жағдай туралы айтып, аталған мәселе төңірегіндегі жұмысты күшейтуді әкімдерге тапсырды.