Экология министрлігі Атыраудағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау облысында 3-сәуір күні бірнеше төтенше жағдай болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media.
"Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың өртенуі мен Атырау мұнай өңдеу зауытының құбыры және "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС құбырынан қара түтіннің шығуы, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мен желдің болмауына байланысты күрделі экологиялық жағдай туғызғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытында жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу дерегі тіркелгені анықталды. Сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеу тіркеліп, 10:47-де түтін толықтай сөндірілді. Сол күні сағат 10:59-да "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС полипропилен өндіру бойынша біріктірілген газ-химия кешенінде (IGCC) 220 кВ Л-2025 әуе желісіндегі қысқа тұйықталу салдарынан "KUS" ЖШС-нің ПГТЭС-да генерациялау қондырғыларының апаттық жағдай орын алды. Нәтижесінде, өндірістің ішінара тоқтап қалуына әкеліп соқтырған электр қуатының өшіп қалды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі дерек бойынша мән-жай анықталатын болады, - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, кәсіпорындардың, Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпей отыр. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және газды қолдану жұмыстары жүйелі түрде тіркелі жатқаны айтылды. Өткен жылы тиісті заңдылықтарды бұзу бойынша дәлелдерге жүгіне отырып Атырау облысы бойынша Экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық рұқсатын тоқтату туралы материалдарды сотқа жолдаған еді.
Алайда биыл да сапаның жақсармағаны байқалады. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлығын тез арада бір ретке келтіруі керектігі айтылды. Осы мәселе бойынша министрлік Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-нің бас компаниясы – "ҚазМұнайГазға" және "Самұрық Қазына Өндеуге" хат жолдайтынын мәлімдеді.