Данияр Шамшаев Ташкент Гранд Слэмінің финалына шықты
Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінде 73 келіде қазақстандық Данияр Шамшаев финалға шықты, деп хабарлайды Arbat.media.
3 наурызда басталған дәстүрлі турнирде татамиге шыққан Данияр Шамшаев бірінші белдесуде қырғыз спортшысы Шыңғысхан Сағынәлиевті ұтты. Ол екінші айналымда француз Бенжамин Аксусты қапыда қалдырып, ширек финалда түрік Умалт Демирелден басым түсті. Сонымен бірге, жартылай финалдық сында швейрациялық Стэмп Нилсті жеңіп, финалдық сында өзбекстандық Муроджон Юлдашевпен күресетін болды.
Сонымен бірге, 81 келіде күрескен Абылайхан Жұбаназар іріктеу кезеңдерінде ширек финалға дейін жетті. Отандасымыз бірінші белдесуінде Греция спортшысынан жеңіп, екінші кезеңде Оңтүстік Корея дзюдошысын ұтты. Алайда ширек финалда Австрия спортшына жол беріп, қола жүлде үшін жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған еді. Өкінішке қарай, ол өзбекстандық Шарофоддин Болтабоевқа қарсы белдесуде жеңіліс тапты.
Әйелдер арасында бүгін 63 келіде күрескен Есмигүл Куюлова жарысты екінші айналымнан бастады. Ол алғашқы белдесуінде үндістандық Химанши Токасты жеңгенімен, екінші күресінде Венгрия балуанына есе жеберді. Ал 70 келіде күрескен Анастасия Маякова бірінші айналымда Италия спортшысынан айласын асыра алмаса, осы салмақтағы Роза Нысантайқызы өзбек дзюдошысынан ұтылды.
Бұған дейін жарыстың бірінші күнінде қазақстандық Нұрқанат Серікбаев 60 келіде турнирдің күміс жүлдегері атанған болатын.