БҚО-да мектеп оқушысы ойнап жүріп саусағынан айырылды
Оралда бірінші сынып оқушысы ойын алаңында жүріп саусағынан айырылды, деп хабарлайды Arbat.media.
6 сәуірде Сарытау шағынауданындағы балалар алаңында 7 жасар бала ойнап жүріп, шынашағынан айырылып қалған көрінеді.
Сырғанақпен ойнап жатқанда баланың саусағы ағаш тақтай мен темір қаңылтырдың арасына қысылып қалған. Баланың анасы қоғам белсенділеріне жүгініп, олар қылмыстық іс қозғау туралы арызын прокуратураға жолдады, - деді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Бауыржан Ахметжан.
Бауыржан Ахметжанның айтуынша, спорт кешені 2020 жылы 53,4 миллион теңгеге салынып, кепілдік мерзімі екі жыл екені айтылған.
Бұл оқиғаға әкімдік кінәлі деп есептейміз, олар өз нысандарын бақылаусыз қалдырып, тіпті жөндемейді де. Ата-аналар да ойын жабдығын мұқият тексермей, баланы ойнауға рұқсат бергенде немқұрайлық танытады, - деп жазды ол.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы жеті жастағы баланың жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізіліп, жағдайын орташа ауыр деп бағалағанын мәлімдеді. Тексеруден кейін баланың саусағы кесіліп, дезартикуляциялау отасы жасалды.