БҚО әкімі Орал әуежайы мен мұз сарайының ресейлік азаматтардың иелігінде екенін растады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайындың неліктен ресейлік компанияға сатылғанына түсініктеме берді, деп хабарлайды Arbat.media.
Облыс әкімінің сөзінше, Орал әуежайы ескіріп, 2009 жылдан бері жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған көрінеді.
Әуежай терминалы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмеді. Соған байланысты ұшып-қонуға немесе кейбір әуе рейстерін ашуға мүмкіндік болмады. Неге Ресей компаниясы? Жалпы, өздеріңіз білетін боларсыздар, бұл әуежайдың жыры біраздан бере келе жатыр. Бүгінде ресейлік «Ретранс» компаниясының әуежайда 49 пайыз үлесі бар. 49 пайызы Қазақстан азаматы Дәулетхан Қилыбаевқа тиесілі. Қалған 2 пайызы да Қазақстан азаматында, яғни, 51 пайызы бізде. Ол – басқарушы компания. Демек, әуежайдың ұшып-қону жолағы, терминалы мемлекет меншігінде. Олардың меншігінде тек қана ұшақ ұшып келгенде бұрылатын шағын учаске мен тұрақ бар. Қалған барлық стратегиялық нысан мемлекет меншігінде», - деді Нариман Төреғалиев.
Оның сөзінше, әуежайға 6,6 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір ғимарат көлеміі 10 мың шаршы метрге дейін кеңейген. Бұдан бөлек, ол Оралдағы мұз айдынының да ресейлік азаматтың иелегілінде екенін атады.
Бүгінде мұз айдыны қателеспесем Рубцов деген азаматта. Сол азаматқа 2021 не 2022 жылы сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір жұмыс істеп жатыр. Біз сенімгерлік басқаруға алған компаниялардың алдына нақты тапсырмалар қойып отырмыз. Олар жұмыс істейміз деп алды... Олар келісімге сәйкес талаптарды орындауы керек. Егер келісімшартта көрсетілген талаптар орындалмаса, халыққа сапалы қызмет көрсетпесе, онда мемлекет нысанды қайтарып алуға құқылы, яғни мемлекеттің ондай қызметі көзделген. Нысандар жекеге өтіп кеткен жоқ. Уақытша сенімгерлік басқаруға берілді», - деді облыс әкімі.