Бокстан әлем чемпионатында қазақстандық екі боксшы финалға шықты
Үндістанда бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық қос боксшы финалға жолдама алды, деп хабарлайды Arbat.media.
Жартылай финалға Қазақстан құрамасынан алты боксшы шыққан болатын. Олардың арасында Карина Ибрагимова мен Ләззат Күнгейбаева ғана финалға шығып отыр.
Еліміздің спортты дамыту дирекциясы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Карина Ибрагимова әлем біріншілігінің финалына шыққанын жазды. Отандасымыз жартылай финалда әлем чемпионы, тайпейлік Линь Юйтинді тоқтата алды. Енді К.Ибрагимова финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, италиялық Ирма Тестамен өзара мықтыны анықтайды.
Аса ауыр салмақтағы Ляззат Күнгейбаева жеті жылдан кейін әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Қазақстандық боксшы әлем біріншігінің алтыны үшін марокколық Хадиджа Эль-Мардимен қолғап түйістірмек. Ләззат бұған дейін Марокко спортшысымен шаршы алаңда бір рет кездесіп, есе жіберген.
Бұдан бөлек, Алуа Балқыбекова, Фарида Шолтай, Надежда Рябец, Валентина Хальзова жартылай финалда қарсыластарынан айласын асыра алмай, қола жүлдені қанағат тұтты.
Әлем чемпионатының финалына Үндістан мен Қытай құрамасынан 4 боксшыдан шықса, Қазақстан, Ресей, Италия, Колумбия, Аустралия елдерінің екі боксшысы жолдама алды. Сондай-ақ, Моңғолия, Тайпей, Бразилия, Марокко, Вьетнам, Алжир құрамаларынан бір боксшыдан ақтық айқасқа шығатын болады.
Айта, кететін бір жайт, Карина Ибрагимова 25 наурыз күні алтын үшін шаршы алаңға шықса, Ләззат Күнгейбаева 26 өнер көрсетеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы ширек финалға шыққан боксшылар саны бойынша көш бастаған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram