Берік ДҮЙСЕМБИНОВ: Азамат Әбілдаевтың Ресейді қолдаған пікірін тапсырыс деп айтпас едім...
«Ақ жол» партиясынан VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған Берік Дүйсембинов әріптесі Азамат Әбілдаевтың Ресейдің басқыншылық әрекетін қолдаған пікіріне қатысты ой білдірді. Халық қалаулысы одан өзге ірі жер иеленушілердің кімдер екенін атап, әлі күнге Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекетке қайтарылған жерлерді көрсете алмай отырғанын тілге тиек етті. Мәжілісте түрлі мәселе көтеріп жүрген Берік Дүйсембинов Arbat.media-ға берген арнайы сұхбатында көптеген жайттарды атады.
- Мәжіліс таратылардан сәл бұрын ақжолдық депутат Азамат Әбілдаев Ресейді ашық қолдайтынын айтып, Украинадағы соғыс арнайы операция деп атады. Бұл қалыпты жағдай болуы керек пе әлде бүкіл әлем айыптап отырған Ресейдің басқыншылық әрекетін қолдаған депутаттың пікірін қалай бағалайсыз?
- Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дейді ғой. Бұл партияда кез келген ұйым тірі организм. Біздің де қатарымызда жүретін әр түрлі азаматтардың түрлі ойы бар. Бірақ біздің «Ақ жол» партиясының көзқарасына қайшы келетін, ұстанымға сәйкес келмейтін, мемлекет басшысының ұстаныма қайшы келетін пікір үшін ол әріптесіміздің кешке айтылған пікірін ертеңінде түсте партиямыздан шығардық.
- Партияның отырысында Ресейді қолдаған Азамат Әбілдаев қандай уәж айтты?
- Ешқандай сөз айтпады. Біздің партияның көзқарасы белгілі. Бүгін Ресейдің соғысын арнайы операция деп отырғаны, біреудің еліне баса-көктеп кіруі озбырлық. Тәуелсіз мемлекеттің жерінде соғыс ашуы біздің көзқарасымызда анық дүние. Партияның көзқарасына сәйкес келмейтін көзқарастағы азаматқа біздің қатарымызда орын жоқ.
- Азамат Әбілдаев неліктен Ресей туралы оң пікір білдірді деп ойлайсыз? Ол пікірді кез келген адам да айтуы мүмкін ғой. Бірақ депутаттың осылай ойлауы да мүмкін. Бірақ бұл Әбілдаевтың аузынан айтылған арнайы тапсырма болуы мүмкін бе?
- Оның қандай ой болғанына мен баға бере алмаймын. Оның ішіне кіріп шыққан кім бар? Көз алдымызда өтіп жатқан Ресей қырғыны бізге сабақ болуы керек. Біз алданбауымыз керек. Ата-бабамыздың айтып кеткен қанмен жазылған «орыспен дос болсаң, айбалтаң белінде болсын» сөзін естен шығармауымыз керек. Ол бос сөз емес. Сондықтан қос азаматтық, сеператизм туралы, шекаралас аудандардағы патриоттық клубтармен кімдер айналысып жатыр, неге үйретіп жатыр осы туралы біз депутаттық сауал жолдадық. Өкінішке қарай біздің күштік құрылымдар мардымды жауап берген жоқ. Елдің амандығын тілейтін болсақ мұның барлығын бүгінгі бейбіт заманда жіті қадағалайтын сәттер. Өзімізді өзіміз алдап, елімізде бәрі бейбіт, халықтар достығы деген сөзге біз ермеуіміз керек. Нағашы мен жиендей болған екі православтық халық бірін-бірі қырып жатқанда бізді ешкім аямайды. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек.
- Қаңтар оқиғасынан кейін осы уақытқа дейін қаралы жағдайға өз бағасы берілді ме?
- Қаңтар оқиғасы бойынша Мәжілісте екі рет күштік құрылымдарды шақырып, сұрау болды. Жеке өз басым, «Ақ жол» партиясы қаңтар оқиғасын алғашқы күннен бастап СИЗО-да отырған балалармен кездесіп, олардың қорғаушыларымен, ата-аналарымен кездесіп қайттық. Әлі күнге дейін маған өтініштерін айтқан жұрт аз емес. Ең соңғы өтініш Азамат Оспанов деген азаматтың жайы. Ол елімізде Садақ ату федерациясын құрған елдің белгілі азаматы. Бес баласы бар. Тоғыз айдан бері түрмеде отыр. Әлі ешқандай куә да, оған тағатын кінә да жоқ. Сондай азаматтардың біразын түрмеден шығаруға себепкер болдық. Бірнеше депутаттық сауал жолдадық. Қаңтар оқиғасына меніңше әлі толық баға берілген жоқ. Оның маңыздылығы әлі бағаланбай отыр. Өйткені президенттің қолға алып отырған конституциялық реформаның бастауында осы қаңтар оқиғасы тұр. Адам баласы не деп айтса да тарих өзінің әділ бағасын береді. Бір жыл өте ме, бес жыл әлде он жыл өте ме, оның бағасы міндетті түрде беріледі. Сондықтан қаңтар оқиғасының адал, шынайы, әділ қарастырылып, осыған неғұрлым шындыққа жақын бағасы берілсе жарасы тезірек жазылады деп ойлаймын.
- Өткен шақырылымдағы отырыстарда ауыл шаруашылығы министрлі көптеген облыстарға ірі жер иеленушілердің көбі облыс әкімі екенін ашық айттыңыз. Оның ішінде Өмірзақ Шөкеев, Даниал Ахметов, Болат Бақауов секілді адамдарды есімін атағанымен министр мұныңызбен келіспеді. Кейін сізге қайтарылған жерлерді нақты көрсете алды ма?
- Жалпы лауазымды тұлғалардың үлкен көлемдегі жерлерді иеленіп алғаны жасырын ақпарат емес. Бұрын облыс басқарған, басқарып отырған немесе билікке тікелей қатысы бар лауазымды қызмет атқарған азаматтар осы жерлерге ие болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі қайтарылған жерлерді көрсетем, сол жерлерді иеленіп, риза болып отырған халықты көрсетем деген. Бірақ әлі көрсеткен жоқ. Сөзінде тұрмады. Сайлауға дайындық кезінде министрге еріп, сол жерлерді барып көргім келеді. Өйткені бұл айтылған сөздер бір бөлек, менде бар ақпаратта министрліктегі азаматтардан сұрасам адамдар пайдаланбайтын жерлер көп. Мысалы, Маңғыстау облысындағы 1,5 млн гектар қайтарылған. Бірақ ол жерлер ешкімнің таласын тудырып отырған жоқ. Бұның бәрі «для галочки» атқарылған шаруалар. Қызылорда облысынан да осылай қайтарылған. Ал түгін тартсаң майы шығатын, ауыл шаруашылығына қажетті жерлердің барлығы сол қалпында қалып отыр. Бұл процесті аяғына дейін жеткізу керек.
- Ол жердерді жалға алып отырған адамдар пайдаланып отыр ма?
- Көп жағдайда пайдаланып отырған жоқ. Барлығы оны субарендаға бергісі келеді. Реті келсе сатуға ниетті. Көп жер шөп басып, не егін өсірілмей, мал жайылмай бос жатыр. Бұл қазіргі уақыттағы үлкен мәселе. Статистика бойынша бәленбай млн гектар жер қайтарылды дейді. Осы орайда маған қайтарылған жерлерді нақты мекенжайын сұрадым. Өз күшіммен барып, халықтың жайын көрейін. Халық риза болып отырса, ешкімге талабым болмас еді. Бұған ауыл шаруашылығы министрлігі жауар берген жоқ. Соған қарамастан біз министрліктің соңынан қалмай, партиямыздың алға қойған негізгі бағыттарының бірі ретінде ұсынғым келіп отыр. Жерді халыққа қайтару керек. Бұрын мыңғырған мал ұстаған ауылдардың қасында қазір жайылымдық жер жетіспей жатыр. Үлкен ірі қалалардың қасында мал жаятын жер қалған жоқ.
- Алда Мәжіліс сайлауы өтеді. Бұл орайда сіздер партиялық тізіммен ұсыныласыздар ма әлде мажоритарлық жүйемен түсесіздер ме?
- Бізде көп азаматтар мажоритарлық жүйеден түсіп жатыр. Оның көбі мәслихаттардан ұсынылады. Қазір жергілікті мәслихаттардың маңызы артып барады. Мәслихат нақты күш алатын болса, болашақ аудан, облыс әкімдерін тағайындайтын болады. Мәжіліс бойынша ақжолдық үміткерлердің барлығы партиялық тізімге енді. Сонымен қатар, ел арасында беделі бар азаматтар мажоритарлық жүйемен де түскелі жатыр.
- Мәжіліс бірнеше жылдан бері үш партиялы болып келе жатыр. Алдағы сайлауда үш партияның біреуі ауысуы мүмкін бе? Мысалы, кеше ғана «Республика» деген партия ресми түрде тіркелді...
- Енді ол «Республика» партиясының осы уақытқа дейін ел үшін бір айтқан сөзін есіңізге түсіре аласыз ба? Бір күнде арзан бедел жинау деген бір күндік мәселе емес. Біздің де арамыздан партияның ұстаныма пікірі сәйкес келмейтін депутаттар шығып жатыр. Бұл көп жылғы еңбек. Бірнеше рет депутаттық сауал жолдадық. Ол мәселенің басы ғана. Біз соңын аяғына дейін жеткізу үшін елдің сөзін сөйлеу үшін тырысып жүрміз. Халық қазір ақ пен қараны ажырата алатын жағдайда. Елдің сөзін сөйлемей, бүгін аяқ астынан тіркеліп, ертең парламенттен орын алам деу мүмкін де шығар. Бірақ елді арзан уәдемен алдау дұрыс емес.
- Мәжіліс сайлауынан кейін ҚР Үкіметі ауысуы мүмкін бе?
- Үкіметті ауыстыра бергеннен көріп отырғандарыңыздай ешқандай өзгеріс болып отырған жоқ. Бұл жерде ауыстыра бергеннен гөрі біз сайлау кезінде жеңген партиялар үкіметті құрап, үкіметтегі қол жеткен жетістікпен орындалмай қалған уәделер үшін жауап беруі керек. Біз осыған көшуіміз керек. Ықпалды парламент дейміз. Бірақ бүкіл саясат, елдің экономикалық жағдайы бюджетке байланысты. Бюджет үкіметтің, министрлердің қолында. Сондықтан ықпал парламент болу үшін біздің бюджетке араласуға мүмкіндігіміз болуы керек. Осы резонансты оқиғаларға байланысты Мәжілістің парламенттік зерттеуі болуы тиіс. Тек қана мәселенің басын ашып, қарап отыруға болмайды. Осыған өзгеріс енгізетін механизм Мәжілістің қолына берілуі керек. Мысалы, кейбір ауылдарға барсаңыз бала саны аз болғанына қарамастан мың оқушыға арналған мектеп бар. Ал Астана іргесіндегі Қосшыны алып қарасақ жағдай басқаша. Былтыр Қосшыда бір мектепте 24 бірінші сынып болды. Мактеп осындай мекендерге керек. Ол ауылға неге мектеп салынбайды? Неліктен мектеп қажет емес ауылға салынады? Қарама-қайшылықтар көп. Елмен кездескенде олардың аманатын орындау үшін Мәжілістің қолында осыған әсер ететін нақты бір құрал болуы керек. Мысалы, таза су ішіп отырған ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша миллиардтаған теңгеге су жеткізді. Оның не керегі бар? Мысалы, ол ауылға жол маңызды. Осындай қарама-қайшылықтарды реттеу үшін, Мәжіліс ықпалды болуы үшін тек сөзбен көтеріп қоятын емес, іспен өзгертетін қолға бір механизм берілуі керек.