Атырау облысында прокуратура өкілдері 180 жұмысшының еңбекақысын алып берді
Атырау облысында 180 жұмысшыға еңбекақы бойынша 32 млн теңге берешек өтелді, деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов 2023 жылдың 6 айында 58 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 18 мың баланың, 4,2 мың кәсіпкердің құқығы қорғалғанын мәлімдеді.
Прокуратура қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмасына орай азаматтардың құқығын қорғауды жалғастыра береді. Осы орайда прокурорлардың азаматтарды қабылдау тиімділігі артып отыр. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда, жыл басынан бері жеке қабылдауға жазылған адамдардың саны 4,5%-ға өсті. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Прокуроратура органдарының үйлестіруімен 180 жұмысшыға 32 млн теңгенің жалақы берешегі өтелді, - деді Бауыржан Жұмақанов.
Прокурор қадағалау органы қызметінің алдағы уақытта атқарар жұмысының басым бағыттары айқындалғанын атады. Оның ішінде азаматтардың, кәмелетке толмағандардың, әсіресе, ана мен баланың, кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарын, мемлекет мүддесін қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару секілді міндеттер бар көрінеді.
Сондай-ақ, атмосфералық ауа мен ауыз судың сапасын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске ерекше назар аударылған.