Астана тұрғыны әлеуметтік желіде танысқан "досына" жүз миллион теңгеге жуық қаржы аударған
Астанада әлеуметтік желі арқылы танысқан адамнан алаяқтық жолмен 90 миллион теңгеден астам қаржы алған тұрғын бес жылға сотталды, деп хабарлайды Arbat.media.
Астана қаласының Алматы ауданы №2 аудандық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы үкімімен алаяқтық әрекетке барған азаматты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге сотталғаннан жәбірленуші С.-ның пайдасына материалдық залалды өтеу есебіне 91 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
Сот күдікке ілінген Т. есімді азаматтың жәбірленушімен әлеуметтік желіде танысқанын және хат алмасу барысында өзінің оны ұнатып қалғаны туралы айтып сендіргенін анықтады.
Ол өзін банкроттық сатыда тұрған зауыт директорымын деп таныстырып, сондай-ақ шындыққа жанаспайтын мәліметтерді, соның ішінде жақын туыстарының қайтыс болғанын хабарлап әрі қолма-қол ақшаға өте мұқтаж екенін айтып сендіріп, жәбірленушіні алдаған. Өз кезегінде жәбірленуші белгілі бір уақыт аралығында оған онлайн-банктік аударымдар арқылы әр түрлі сомада ақша аударып отырған. Осындай қылмыстық іс-әрекеттерінің нәтижесінде Т. жәбірленушіге 91,6 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. Кейін ол залал өтелмеген, деді Астана сотының баспасөз қызметіндегілер.
Күдікті Т.-ның іс-әрекеттері алаяқтық, яғни ақпараттық технологияларды қолдана отырып бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлау ретінде сараланған. Апелляциялық шағымында сотталған адам тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған 5 баланың бар екенін, зайыбының жұмыс істемейтінін, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұрады.
Алайда сот Т.-ға қылмыстық кодекстің 52-бабына сәйкес әділ әрі сай жаза тағайындалғандықтан апелляциялық сатыда сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енді.