Ақтөбеде мектепте болған өрт кезінде мыңға жуық адам эвакуацияланды
Ақтөбедегі №23 орта мектеп-лицейінен өрт шығып, 900-ден астам оқушы мен мұғалім қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Arbat.media.
Төтенше оқиға бүгін таңертеңн сағат 08:01-де тіркелген. 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласы Астана ауданының Сәтпаев көшесінде орналасқан №23 орта мектеп-лицейінде өрт шыққаны туралы хабар түскен соң жедел түрде 53 құтқарушы мен 14 техника аттанған.
Шақырту орнына құтқарушылар жеткен кезде 1-қабатта орналасқан кабинеттің жанып жатқаны анықталды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында мектеп-лицейден 890 оқушы және 60 мұғалім қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 08:12-де толықтай сөндірілді. Өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін,- деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Бұған дейін Астанадағы көп қабатты үйден өрт шығып, 26 адам тілсіз жаудың құрсауынан құтқарылған еді.