Ақтауда банке мас күйінде шабуыл жасаған адам үш жылға сотталды
Қаңтар айында Ақтаудағы банкке суық қарумен кірген тұрғынды Ақтау қалалық соты үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Arbat.media.
Облыстық соттың баспасөз қызметі банк қызметкеріне шабуыл жасап, бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында қарақшылыққа барған Н. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс 13 наурызда қаралғанын мәлімдеді.
Қаңтар айының 16 күні Н. есімді азамат Ақтаудағы банк бөлімшесінің ғимаратына пышақпен кіріп, бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында қасақана қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Ол сол жолы банк қызметкерінен терминалдан 1000000 теңге сомасында ақша қаражатын шығаруды талап еткені айтылды.
Сот істі қарау барысында жеңілдететін жағдайларды қарастырып, оның ішінде айыпталушының өз кінәсін мойындауын және оның өкінетінін ескерген. Сот үкімімен Н. ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.