"АҚШ пен Батыстың кесірінен Украинамен мәмілеге келу мүмкін болмай тұр" - Иманғали Тасмағамбетов
Жыл басында ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің Украина мен Ресейдің мәмілеге келе алмауына қатысты пікірі жария болды, деп хабарлайды Arbat.media.
Иманғали Тасмағамбетовтің жұма күні ҰҚШҰ Хатшылығы мен Біріккен штабының басшы құрамының кеңейтілген отырысын өткізгені туралы ақпарат жария болды. Dalainside телеграм-арнасының жазуынша, қазақстандықтардың сүйікті саясаткері Путиннің сөзін сөйлеуге кірісе бастаған сыңайлы. ҰҚШҰ-ның өзін "Назарбаевтың төл өнімі" санайтын Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Батыс елдеріне Кремльдің сәлемін жеткізген.
Киевке толассыз қару-жарақ жеткізіп жатқан АҚШ пен Батыстың кесірінен үстел басына отырып, мәмілеге келу мүмкін болмай тұр, - деді И.Тасмағамбетов.
Иманғали Тасмағамбетовтің неліктен бұлай дегені белгісіз. Дегенмен, саяси жауырыншылар бұл сөздің арғы жағынан Ресей басшысының сұлбасы көрініп тұрғанын жазды.
Өткен жылдың басында Украинаны үш күннің ішінде жаулап алуға бекініп, артынан кері шегінген басқыншы елдің жетекшісі қазіргі уақытта бауырлас елмен келіссөзге келудің амалын таппай жатқанға ұқсайды.
Dalainside арнасы дереккөздерге сүйене отырып, Иманғали Тасмағамбетовтің Мәскеуге бауыр басып, оның ресейшіл ұстанымы күнге-күнге айқындалып келе жатқанын жазды. Алайда оның анық-қанығын аңғару қазір мүмкін емес секілді.