Антикор «Әскери құрылыс» АҚ басшылығына қатысты тергеуді сотқа жолдады
«Әскери құрылыс» АҚ басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arbat.media.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтың және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын мәлімдеді.
11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, туған ағасы мен жиені, сондай-ақ Тәжиденовтың қарамағындағы «Әскери құрылыс» ЖШС мен оның Астана қаласы бойынша филиалының қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты қарамағындағы адамдар бары белгілі болды.
Олар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілініп отыр.
Соның салдарынан келген залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құраған. Оны өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта айыпталушылар сотқа берілген.