Алтын Орда кезеңіндегі құнды жәдігерлер табылды
Атырау облысында «Таскешу» керуен сарайының орнынан Алтын Орда кезеңіндегі құнды жәдігерлер табылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Мира Дәулетбаева:
Облыстық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастырған археологиялық қазба жұмысы 29 мамыр-17 шілде аралығында жүргізілген. Зерттеу жұмыстары кезінде керуен сарайдың қақпа бөлігі, 14 бөлме, 3 Суфа мұнарасы, тандыр ошақтың пештері толықтай ашылды. Жалпы көлемі 800 шаршы метр аумағынан топырақ алынды. Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға бағыт алған сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Керуен сарайдың аумағынан 4 күміс, 26 қола монета шықты. Тоқтамыс хан мен Өзбек хан дәуіріндегі керамикалық ыдыстардың фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған стандартты кірпіш тастар анықталды. «Таскешу» керуен сарайынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіндегі мекенжайлар, үйлердің орны, Алтын Орда хандарына тиесілі 5 күміс теңге, қола тиындар табылды.