Алматы жылу желілерінің басшылығына сот үкім шығарды
Алматы жылу желілерінің бас директоры мен басқа да басшылық құрам өкілдері жемқорлық әрекеттері үшін сотталды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласы Медеу ауданы №2 соты үкімімен пара алғаны үшін бірқатар адам жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде:
"Алматы жылу желілері" ЖШС бас директоры К.Бейсенбиновке 560 миллион теңге, АЖЖ бас инженері Д.Қазымбетовке 560 миллион теңге, АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С.Джингильбаевке 560 миллион теңге, пара бергені үшін "СпецКоммунСтрой" ЖШС директоры Б. Разимбековке 400 миллион теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалып, сотталды, деп жазылған агенттіктің баспасөз қызметінің ақпаратында.
Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып отыр. Олар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 миллиард 80 миллион теңгені құрады. Бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең болып отыр.
Бұған дейін АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б.Разимбековтен 16 миллион теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінген болатын.
Агенттік мәліметінде ҚР Қылмыстық кодексінің 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады деп жазылған. Әзірге сот үкімі заңды түрде күшіне енген жоқ.