Алматы облысында өзіне қол салып қайтыс болған жазасын өтеушінің хаты табылды
Алматы облысында 155/8 тәртіп түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан Әркен Қарасай өзіне қол салып, қайтыс болды, деп хабарлайды Arbat.media.
31- арна түсірген сюжетте марқұмның өлерінен бұрын туған ағасына хат жолдағаны айтылады. Марқұмның мұндай ауыр қадамға баруына нақты кімдердің себепкер болғанын хатында ашық жазған. Суицид жасауына түрме қызметкерлерінің сотталғандарды ұрып-соғып, балағаттап өздеріне жұмыс істеуге мәжбүрлеуі себеп болған көрінеді.
Осыдан кейін марқұм азамат бұл азаптан құтылудың жалғыз жолы өз өмірін құрбан ету деп шешкен екен. Мекеме басшылығы болса, марқұмның мінезі де, мінездемесі де жақсы еді деген пікір білдірді. Сондықтан олар жазасын өтеушінің неліктен суицид жасағанын ешкім білмейді.
Әркен Қарасай 2021 жылдан бері ЛА-57 155/8 түзеу мекемесінде жазасын өтеген. Ал 15 ақпан күні таңғы 4-тер шамасында ағасына өз-өзіне қол салмақшы екенін хабарлапты. Өйткені түрмедегі зорлық-зомбылық пен қысымға шыдай алмағанын жеткізген. Ол өз сөзінде мекеме қызметкерлерінің сотталғандарды ұрып-соғып, намысын таптауды әдетке айналдырғанын айтқан. Әрі оған нақты кімдерді кінәлау қажеттігін де жазып, 4 қызметкердің атын атапты.
Осыған жеткізген мекеме қызметкерлері. Атап айтатын болсақ, Жасұлан Қабылұлы, Әліпбайұлы, Самат Төлегенұлы, Біржан Бақытжанұлы. Осы есімді кісілер мені тыныш өмір сүргізбейді. Бұл мекеменің заңы сол кісілер, - дейді марқұмның ағасы Жәкен Қасенов.
Ағасы Әркеннің хатын оқығаннан кейін дереу түзеу мекемесіне барған. Тәртіп түзеу мекемесіне таңғы сағат 6-да жеткенімен ол үлгермеген. Өйткені бауырымен бір түрмеде жатқан жазасын өтеушілер асылып тұрған денесін түсіріп үлгерген. Кейін ол құзырлы орган өкілдерімен мәйітке сараптама жасатуға барыпты. Себебі інісі соңғы жазбасында хаттың түпнұсқасы асқазанында болатынын айтқан екен. Ал сараптама кезінде салафанға оралған ақтық хаты асқазанынан табылған. Сондықтан марқұмның ағасы жазықсыз бауырын осындай жағдайға жеткізген мекеме қызметкерлері лайықты жазасын алсын деп отыр.
Мұндай жағдайлар, яғни суицид сотталғандар арасында болып тұрады. Бұл жігіт өз-өзіне қол салу бойынша қауіп тудыратындардың есебінде тұрмаған. Мінездемесі оң жағынан сипатталған, - дейді АЖК Алматы және Жетісу облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
Қазіргі уақытта өзіне қол салған марқұм Әркен Қарасай хатта атын атап жазған төрт қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеп жатқан көрінеді. Олар лауазымын асыра пайдалану дерегі бойынша күдікке ілінген. Сонымен бірге, түзеу мекемесін де ішкі тексеріс басталған.