Әкім келді деп жолды бөгеп тастаған — Абай облысы
Абай облысының әкімі Семейдегі емханаға барған кезде емхана қызметкерлері жолды бөгеп, автотұраққа көлік кіргізбей қойғаны туралы шағым тараған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Абай облысының әкімдігі әлеуметтік желідегі шағымға қатысты жауап берді.
11 қыркүйекте әкім Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы №1 емханаға жұмыс барысымен барған кезде емхана қызметкерлері тұрғындардың жолын бөгеп, көліктерін автотұраққа кіргізбей қойыпты.
Әкімдік тарапынан емханаға келушілерді автотұрақ аумағына кіргізуге тыйым салу туралы ешқандай нұсқау берілген жоқ. Мемлекеттiк орган қызметкерлерінің салалық мекемелерге баруының басты мақсаты – олардың халыққа көрсететін қызметінің сапасын және ғимараттардың жай-күйiн тексеру. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен.