Абайдың ұрпағы Алматыда мейрамхананың аула сыпырушысы болып жұмыс істейді - Экс-депутат
Мәжілістің өткен шақырымында депутат болған Жанарбек Әшімжан Алматыда Абайдың бесінші ұрпағымен қалай танысқаны туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Arbat.media.
Халық қалаулысы болған Жанарбек Әшімжан кезінде Данияр есімді шөпшегінің сұхбатын оқығанын, алайда Айдос деген ұрпағынан хабарым жоқ екені туралы жазды. Оған жақын танысы "Абай Құнанбайұлының Ақылбаев Айдос деген тікелей ұрпағы бар, осы Алматыда тұрады…" деп айтқан соң арнайы барып танысуға бел буған.
Танысым телефонына хабарласып еді, жұмыс орнында екен. Рұқсат сұрадық. Қарсы болмады. Бардық. Жұпынылау киінген дембелше кісі аулаға шықты. Кеңірек таныстық. Әңгімелестік. Қазақшаға шорқақтау екен. Асылдың сынығы, алтынның ұнтағы емес пе, болмысынан тектілік, зиялылық, ақсүйектік аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. Бойын жаман әдеттерден мүлде аулақ ұстайтынын айтты. "Абай атамның тұқымы екенімді көп адамға айтпаймын, мына мейрамханадағылар да білмейді. 2020 жылы бабамның 175 жылдығында Семейге бардым. "Абай балаларымен" деген ескерткіштің ашылуы болды. Ақылбай атам мен Тұрағұл атамды екі қапталына алған бабамның ескерткіші керемет шығыпты. Осыны арнайы тапсырып, жасатқаны үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұрпақтары атынан ерекше ризамын! " - деді Айдос ағамыз, - деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Оның сөзінше, қазақтың ойшыл ақының бесінші ұрпағы Алматының "Арбатындағы" мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Ай сайын 150 мың теңге еңбекақы алатын ол 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Украинаның әйгілі Кривой рог қаласындағы Авиациялық училищеде оқыған екен. Оқу бітіргенде кеңестер одағы күйреген, сосын бұйырған жұмыстармен айналысыпты. Жалғыз қызы - Александра осы күндері Саратов қаласының тұрады. Шежіре бойынша: Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағфұр – Эрнест – Айдос. Яғни, Айдос ағамыз - Абай атамыздың неменесі болады. Һәкім Абайдың сақталып қалған бейнесінің бірі - Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен түскен тарихи фотосы. Сол Ақылбай Абайұлы - Айдостың тікелей атасы, фамилиясы да - Ақылбаев, - деп жазды экс-депутат.
Ақын ұрпағының жұмысына барған Жанарбек Әшіжан оны үйіне дейін шығарып салғаны туралы айтты. Алматыда бес қабатты көне үйдің бесінші қабатында бір бөлмелі үйде зайыбымен тұрады екен. Ұлы Абайдың соңғы тұяғы Данияр деген немере бауыры барын айтқанымен, көп жылдардан бері байланыстары жоқ көрінеді. Бүгінде Абай әулетінен тараған ұрпақтары арасында еркек атаулыдан қалған осы екеуі ғана екен.
Кезінде Мәжіліс депутаты болған Алдан Смайыл Үкімет басшысына сауал жолдап, Абай ұрпақтарын мемлекет қамқорлығына алу турасы ұсыныс білдірген. Сол уақыттары депутат ақынның ұрпақтары Алматыда тұратынын, алайда олардың әлеуметтік жағдайының аса мәз емес екенін алға тартқан болатын.
Поделиться
Читать Arbat media в