Абай облысында өрт ошағы оқшауланды
Абай облысындағы орман өрті оқшауланды, деп хабарлайды Arbat.media.
14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғаны жарияланды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сондай-ақ өрттің шетіне топырақ себу жүзеге асырылатыны да айтылды.
Бірнеше күннен бері Абай облысында жанып жатқан орман өртінен 15 адам қайтыс болды. Оның 14-і орман шаруашылығының қызметкерлері. Қайтыс болғандардың отбасына 7 млн теңгеден қаржы беріліп, олардың несиесі кешірелетіні айтылды.
Сондай-ақ, марқұмдардың жақын туыстары жыл соңына дейін кез келген бағытта ұшақ арқылы тегін ұшатын болады.