30 жыл билікте басшылық қызметте болған Даниал Ахметов кім?
Шығыс Қазақстан облысын 9 жылға жуық басқарған Даниал Ахметов ақыры қызметінен кетті. Еліміздегі бірнеше облысқа 4 рет әкім болған Ахметов "қызметтен шаршамадым" десе де оны президент орнынан босатты. Arbat.media осы орайда отыз жылға жуық билікте басшылық қызмет еткен Ахметовтің өмір жолына шолу жасап көрді.
Әзірге Даниал Ахметовтің қандай да бір лауазымға тағайындалғаны туралы дерек жоқ. Биыл 69 жасқа толған саясаткер 9 жылда шығысты әбден игеріп алды деуге болады. Жылда шығыста су тасқыны, қаланың жылу жүйесін апаттар жиі болғанына қарамастан ол осы қызметінде қонжиған қалпында еш қозғалған жоқ.
Керісінше оны қызметінен кетеді дегендер 2017, 2019, 2022 жылдары қайтадан ШҚО әкімі болып тағайындалғанына куә болды.
Даниал Кенжетайұлының өмірбаянына үңілген жұрт оның еліміздегі солтүстік-шығыстағы бірнеше облыста кезектесіп әкім болғанын білер еді. Ол тоқсаныншы жылдардың басында Екібастұзды басқарып, кейін Павлодар облысына әкім болды.
Бұл жерде біраз отырған ол 1997 жылы Ғалымжан Жақияновқа орнын «табыстады». Сөйтіп өзі бірден Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып шыға келді. Сол уақытта мемлекет басқарған Н.Назарбаевтың көңілінен шықты ма әлде тілін тапты ма екен, әйтеуір Ахметовтің қызметі тек өсумен ғана болды. Бірде үкімет басшысының орынбасары болса, одан кейін бірінші орынбасары сынды лауазымға тағайындалды.
Ахметов туралы көптеген "рекордтық" деректер бар. Ол Қазақстанда бір облысқа екі рет тағайындалған еліміздегі екі саясаткердің бірі. Мәселен, 1990-2000 жылдары Ләззат Қиынов Маңғыстауды екі рет басқарса, Ахметов те тура солай Павлодарға екі рет әкім болып келді.
Ол 2003-2007 жылдары Үкіметті басқарды. Кейін Мәсімов 2007 жылы Үкімет басшысы болып тағайындалғанда Даниал Ахметов қорғаныс министрі міндетіне кірісті.
Қорғаныс министрлігінен кейін Даниал Кенжетайұлын көзі қарақты жұрт бес жыл бойы атқарушы биліктен көре алмады.
Кеше ғана қайтыс болған марқұм Бердібек Сапарбаевты 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімі болып тұрғанда алмастырған ол содан кейін осы күнге дейін табан аудармастан отырды.
Қызық болғанда Ахметовті Жарлық бойынша тағайындаған Н.Назарбаев та, шығысқа апарып таныстырған сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин мен үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтердің бүгінде билікте атымен жоқ.
Даниал Кенжетайұлы ертеден билікте болған әкімдердің соңғы үзігі секілді. Себебі, онымен бірге қатар қызмет атқарған шенеуніктердің барлығы әлдеқашан зейнеткерлікке шығып, биліктен алыстап кетті.