Польша премьерінің Украинаға қару жеткізуді тоқтату туралы сөздері қате түсіндірілген
Польша президенті Дуданың мәлімдеуінше, премьер-министрінің Украинаға қару-жарақ жеткізуді тоқтату туралы сөздері қате түсіндірілген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Поляк президенті Анджей Дуда Матеуш Моравецкидің мәлімдемесі «ең нашар жолмен» түсіндірілген деп мәлімдеді.
«Менің ойымша, премьер-министр біз Польша армиясын жаңғырту үшін дәл қазір сатып алып жатқан жаңа қару-жарақты Украинаға бермейміз деп айтты», - деді Дуда TVN24 арнасына берген сұхбатында.
«Біз қазір поляк армиясы үшін миллиардтаған долларға сатып алып жатқан жаңа қаруымызды Польшаның қауіпсіздігін нығайту үшін ешкімге бере алмаймыз. Ешкімге де бере алмаймыз», - деп қосты Дуда.
Ол Варшаваның Украинамен қол қойған келісім-шарттарын, мысалы, «Краб» өздігінен жүретін артиллериялық жүйелерін жеткізу бойынша жалғастыратынын атап өтті.
Бір күн бұрын Моравецки Варшава Украинаға енді қару бермей жатқанын айтқан.
Ал Польша үкіметінің ресми өкілі Петр Мюллер Польша тек бұрын келісілген оқ-дәрілер мен қару-жарақ жеткізуді, соның ішінде Украинамен жасалған келісімшарттар бойынша ғана жүзеге асыратынын түсіндірген.