Мысыр мектептерінде никабқа тыйым салынды
Мысырда жалпы білім беретін мекемелерде бетті жауып тұратын никаб киюге тыйым салынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Білім министрлігі 2023-24 жылғы оқу жылының қарсаңында осындай шешім қабылдады. Мысырда жаңа оқу жылы 30 қыркүйекте басталады.
Мысыр білім министрі Реда Хегазидің шешімі бойынша барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептердің оқушыларына оқу формасына байланысты жаңа талаптар қойылды. Министрліктің қаулысында оқушылар мектепте шашын жасырып жүруге құқылы екені айтылған. Бірақ шашын жасырған жамылғы бетті бүркемелеп тұрмауы керек.
«Шашты жасыру үшін тағылғанымен бетті бүркемелеп тұратын жамылғының кез келген түрі қолайсыз және оның түсі министрлік пен жергілікті білім басқармасы таңдаған түсте болуы шарт», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Шешім 30 қыркүйекте күшіне еніп, 2024 жылдың 8 маусымына дейін жалғасады.