Түркияға қазақстандық құтқарушылардың екінші легі аттанады
Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін Түркияға аттанады, деп хабарлайды Arbat.media.
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін бауырлас түрік еліне көмек көрсету туралы тТиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді.
Құтқару жұмыстарына аттанатын екінші лекте жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық қызметі бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі қамтылған, деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.
Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылады. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.
ТЖ министрі Юрий Ильин құтқарушыларды жөнелтудің алдында нұсқаулық өткізді. Ол құтқарушыларға адамдарды іздеу және құтқару бойынша жауапты міндеттер жүктелгенін, сондай-ақ Түркия азаматтарының жер сілкінісінің салдарымен тезірек күресу мүмкіндігіне деген үмітін атап өтті.
Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар тәжірибелі мамандар. Олардың азаматтарды құтқаруда және әртүрлі төтенше жағдайларды жоюда тәжірибесі мол саналады.
6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,8 балды көрсеткен жойқын жер сілкінісі болды. Алапат зілзала елде 1939 жылдан кейін болған ең үлкен табиғат апатына баланып отыр.
Қайғылы оқиғадан бірнеше мың астам адам қайтыс болып, он мыңнан астамы жарақат алғаны белгілі болды. Жел сілкінісінен кейін еліміздің президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрік басшысына көңіл айту жеделхатын жолдады. Сондай-ақ, Қазақстаннан арнайы құтқарушылар мен дәрігерлер тобы апат аймағына аттанды. Жер сілкінісінен кейін Реджеп Тайып Ердоған Түркияда қаралы күн ретінде бір апта бойы аза тұту жариялады.