Евразия17 марта 2023, 15:22

Тоқаев түркі елдерінің ТЖ органын құруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Arbat.media.

Түркиядағы зілзаладан кейін түркі елдерінің басшыларының қатысуымен өткен жиында мемлекет басшысы табиғи апаттың алдын алуға қатысты күш жұмылдыру керектігін атады. 

Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады, - деді президент. 

Бұл ретте Қазақстан президенті төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды.

Түркияда болған жер сілкінісі табиғи апаттың алдын алу және оның салдарын жою үшін өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттігін көрсетті. Бұл туралы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында нақты айтылған. Сондықтан, іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейтуіміз қажет. Осы мақсатта елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынамын. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жою үшін іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік бермек, - деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен бірге құтқару қызметінің тәжірибе алмасып тұруының маңыздылығына тоқталды. 

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды. Биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады, - деді мемлекет басшысы. 

Бұған дейін Қазақстан президентінің Түркияға ресми сапармен баратыны туралы айтылған еді. Кейін мемлекет басшысы сапар аясында түрік басшысымен кездесті

 

Қасым-Жомарт Тоқаев түркия саммит Төтенше жағдай

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!