Жыл басынан бері қаңтар оқиғасында ұрланған 268 қару табылды
ҰҚК «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланған қаруға қатысты бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірқатар жайттарды анықтады, деп хабарлайды Arbat.media.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірге прокуратураның үйлестіруімен заңсыз қару айналымындағы қаруды іздестіру және тәркілеу бойынша кешенді істер атқарылған.
Нәтижесінде Қазақстанның 11 аймағында 268 бірлік қару, оның ішінде 38 «Калашников» автоматы, 126 мылтық, 104 тапанша, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30199 оқ-дәрілер, сонымен қатар броньды кеудеше, қорғаныш дулығасы, қол-кісендер, автомат оқжатарлары, қалқандар мен радиостанциялар табылған.
Жедел қызметкерлер жасырылған қару мен оқ-дәрілердің негізгі бөлігін келесі жерлерден анықтады: Алматыда – 4, Байқоңырда – 1, Қостанайда – 1, Семейде – 1, Өскеменде – 1, Ақтөбеде – 1, Алматы облысында – 3, Жамбыл облысында – 4, Жетісу облысында – 2, Павлодар облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, - деді ҰҚК баспасөз қызметіндегілер.
Бұдан басқа, Алматы қаласында қарудың заңсыз айналымымен ірі көлемде айналысып келген қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заңсыз айналымдағы қаруды іздеу мен тәркілеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында қаңтар оқиғасында жоғалған қарулардың табылғаны туралы айтылды. Сонымен бірге, наурыз айының соңында Жетісу облысында қаңтар оқиғасында жоғалған қарудың бір легі табылған болатын. Сонымен бірге, ұрланған қаруды жасырған Семей облысының тұрғыны ұсталды. Бұдан бөлек,, Атырау облысында 28 ақпан облыстық ПД қызметкерлері Ақсай елдімекені тұсындағы Жайық өзенінің жағалауында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың сақталған жерін анықтады.