Placeholder
Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы
Қазақстан жаңалықтары18 сәуір 2024, 20:00

Елімізде алғаш рет жұлынға нейростимулятор орнатылды

Елімізде тұңғыш рет науқастың жұлынына нейростимулятор орнатылды. Отаны Алматыдағы орталық клиникалық аурухана дәрігерлері жасады. Алматы денсаулық сақтау басқармасы құны 8,5 млн теңге тұратын жоғары технологиялық медициналық қызмет МӘМС есебінен жасалғанын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Орталық қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Алматовтың сөзінше, омыртқасы ауыратын науқастардың дертін жеңілдететін заманауи нейростимуляторлар Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған.

«Мұндай стимуляторлар омыртқасы созылмалы түрде ауыратын пациенттер үшін таптырмас құрылғы. Отадан кейін олар ауруын ұмытып, бірден бұрынғы қалыпты өмірге оралады. Бұл — ең соңғы үлгідегі, жетілдірілген, ақылды жүйе. Біз бұрын орнатып жүрген құрылғының датчиктері уақыт өте келе ауырсынуды басу қабілетінен айырылып қалатын. Оның үстіне, бұл стимулятор пациентке автоматты түрде реттеп денені кез келген қалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Бұған дейін емделушілер дене қалпын өзгерткенде ауырсынуды сезінетін», — дейді дәрігер.

Айтуынша, жаңа құрылғыны іс жүзінде сынап көру бақыты көп жылдан бері омыртқаның дегенеративті ауруына шалдыққан еліміздің аймағынан келген екі тұрғынға бұйырды.

«Екеуіне де аймақта бұған дейін төрт рет сәтсіз операция жасалған. Ота 2 сағатқа созылды. Біз нейростимуляторларды шағын тілік арқылы дәл жұлынның үстіне орнаттық. Пациент оянғаннан кейін бірден жүйені іске қостық. Емделушілерге арнайы қосымша орнатылған смартфон беріледі. Ол арқылы құрылғыны қажет кезде реттеп, қосып немесе өшіруге болады», — дейді Марат Алматов.

Жаңа жүйеде «гироскоп» функциясы бар, бағдарлама соған қосылған және оны смартфонның не планшеттің көмегімен басқаруға болады.

«Жүйенің тағы бір артықшылығы — стимулятор науқаста өмірінің соңына дейін қалады. Пациент отадан кейін қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алады деуге болады. Vanta SureScan MRI Medtronic Қазақстанда алғаш рет біздің ауруханада орнатылғанын атап өткім келеді. Стимулятордың өзі қымбат. Бір жақсысы біздің елде оның ақысы МӘМС арқылы төленеді», — дейді нейрохирург.

Алматы Операция нейростимулятор

Тақырыпқа жаңалықтар