Жаңаөзендегі мұнайшылар ұзақ уақыттан кейін келісімге келді
Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-ның бұрынғы қызметкерлері басқа компанияға жұмысқа тұруға келісіп, алда міндеттеріне кіріседі, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚМГ ресми түрде хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» бен «Өзенмұнайгаз-дың» арнайы жұмыс тобының Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлерімен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде оларды «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-не жұмысқа орналастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Аталған компанияға жұмысқа ауысқаннан кейін «БерАлидің» бұрынғы жұмысшыларына бұрынғы еңбек жағдайлары толықтай сақталады», - деп жазылған аталған хабарламада.
Компанияның бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру шаралары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қағидалары шеңберінде қатаң түрде жүргізілмек.
Биылғы 10 сәуірде Астанаға Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 100-ге жуық қызметкері Астанаға келіп, наразылық білдірген еді. Оларды кейін күштік құрылым өкілдері тұтқындап, алып кетті. Кейін олардың арасындағы бірнеше адам келіссөзге қалып, қалғандары пойыз арқылы Маңғыстауға оралған болатын.