Түркістан облысында қарамағындағыларды ұрған полиция бастығына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Өткен жылдың желтоқсан айында Түркістан облысы қол астындағы қызметкерлерін ұрып-соққан аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарына қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Arbat.media.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары жұмысқа қызметтік форманы кимейтіні және қарамағындағылардан ақша жинайтыны белгілі болған еді. Әріптестер арасында "киллер" лақап атымен кең танылған оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.
Түркістан облыстық полиция департаментіндегілер бұл ақпаратты растап отыр. Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің атынан басшының орынбасарын атқарып отырған лауазымында қалдыру туралы ұжымдық қолдау хаты келіп түскен. Ол хат осы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іске мінездемелік құжат ретінде тіркелген екен. Осылайша қылмыстық-процестік кодекс бойынша "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" және "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" баптары бойынша қозғалған іс тоқтатылған. Түркістан облыстық прокуратурасы қылмыстық іске қатысты қабылданған шешімге келісім берген көрінеді.
Осылайша Түркістан облысының Қазығұрт аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарының әрекетіне қатысты Қылмыстық кодекстің 361, 362-баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс құқық бұзушылық анықталмауына және өз дәлелін таппауына байланысты тоқтатылған.
Оқи отырыздар:
- Түркістан облысында полиция басшысының әріптестерін ұрған бейнежазбасы жария болды
- Түркістан облысында әріптестерін аяусыз ұрған полиция басшысы жұмыстан қуылды
Бұған дейін Аrbat.media Қазығұрт ауданында қарамағындағылар ұратын полиция басшысының орынбасары туралы жазған болатын. Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жариялаған бейнежазбада орынбасардың спорттық киіммен мекеме дәлізінде полиция қызметкерлерін ұрып жатқаны анық көрінген. Бейнежазба кең таралғаннан кейін шектен шыққан басшының жұмыстан кеткені айтылған еді.