Тбилисидегі Grand Slam турнирінде қазақстандық қос спортшы қола жүлде алды

25 марта 2023 г. 4:40 / Новости Казахстана

Тбилисиде басталған Grand Slam турнирінде Абиба Әбужақынова мен Мағжан Шамшадин қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Arbat.media.

Ерлер арасында 60 келіде сынға түскен Мағжан Шамшадин қола үшін белдесуде тағы бір қазақстандық балуан Қанат Сейілханнан басым түсті. М.Шамшадин алғашқы белдесуінен Сирия спортшысын ұтып, екінші айналымда өзбекстандық Камолоддин Бахтиоровты сан соқтырды. Алайда ширек финалда татами иесі Георгий Сардалашвилиге есе жіберді. Жұбаныш белдесулерінде португалиялық Родриго Костаны ұтып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. 

Әйелдер арасында 48 келіде татамиге шыққан Абиба Әбужақынова жарысты екінші айналымнан бастады. Бірінші белдесуінде украиналық спортшыны жарыс жолынан шығарса, екінші кезеңде израилдік Тамар Малсаны жүлдесіз қалдырды. Жартылай финалдық белдесуде сербиялық Николик Милисаға жол берді. Қола жүлде үшін өткен тартысты белдесуде отандасымыз испаниялық Абеленду Мартинезадан бір саты биік болды. Бұл жүлде Абиба Әбужақынованың жыл басынан бері ірі жарыстарда иеленген үшінші жүлдесі. 

Осыған дейін атыраулық спортшы Португагияда өткен Гран При турнирінде жеңімпаз атанса, Парижде өткен Grand Slam турнирінде қола жүлдені қоржынға салды. 

Автор
Новости партнеров