ҚМГ комиссиясы "Өзенмұнайгазды" тексеру барысында компанияда теолог болып істеген айтыскер ақынды анықтады
ҚМГ арнайы жұмыс тобы Жаңаөзендегі тексеріс барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Аrbat.media.
Қазір арнайы комиссия күн сайын қала кәсіпорындарында кездесулер өткізіліп, қызметкерлердің шағымдары мен тілектері тыңдауда. Бұдан бөлек, жұмыс тобының мүшелері қаржы-шаруашылық қызмет бағытында есеп құжаттамаларын тексеруді жалғастырып жатыр.
Осы уақыт аралығында ондаған бұзушылық анықталғаны ресми түрде жария болды. Жұмыс тобының жетекшісі "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов "Өзенмұнайгаз" компаниясында жұмыс орындарына келмеген қызметкерлерді жұмысқа орналастырған деректер анықталғанын атады. Осындай жағдайлардың бірі, ақтаулық белгілі айтыскер ақын алдымен штатта теолог, кейіннен қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарғаны айтылды.
Компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеумен айналысатын бөлімшелердің мамандықтары бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау деректері бар, - деді Д.Хасанов.
Сонымен бірге, бірқатар жүк көліктерінің GPS деректерін уақыт кестелерімен салыстырған кезде, деректердің сәйкес келмегені анықталып отыр.
Автомобильдер нақты жүріп өткен уақыт аралығын табельдерде асыра көрсеткен. Тиісінше, атқарылған жұмыс үшін төлем де асыра бағаланды, - деді Д.Хасанов.
Жұмыс тобы мұнай өндіретін жабдықты жалға алу қызметі бірнеше есе жоғары бағаға көрсетілген жағдайға көз жеткізді. Осылайша, сервис көрсететін компаниялардың бірі "Өзенмұнайгазға" әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жалға берген. Облыста дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан екені айғақталды.
ҚМГ Басқарма Төрағасының орынбасары сатып алу саласынан тағы бір мысал келтірді. Атап айтқанда, ӨМГ ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алған. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асып, 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін олар жеткізілуі тиіс болған. Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжаттамасында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда, тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшектерінің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған.
Д.Хасанов Жаңаөзен кәсіпорындары қызметкерлерінің шағымдарын тексеру мәселесіне жеке тоқталды. Мәселен, ӨМГ-нің кейбір мердігер ұйымдарында зейнетақы аударымдарын 2-3 айға кешіктірген жағдайлар бірнеше рет тіркелген.
Тексеру жұмыстары жалғасады. Бұл анықталған жергілікті бұзушылықтардың кейбір мысалы ғана. Жаңа деректер туралы біз жұртшылықты хабардар етіп отырамыз. Анықталған бұзушылықтардың әрбір тармағы бойынша құқықтық баға берілетін болады. Барлық жауаптылар құқық бұзушылықтардың ауырлығына байланысты жазаланады. Тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырамыз, - деді Д.Хасанов.
Бұған дейін бір айдың ішінде "ҚМГ" ҰК "АҚ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған комиссияның 32 мүшесі "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның және сервистік компаниялардың өндірістік және қаржылық-экономикалық қызметіне талдау жасайтыны айтылды.
Сонымен қатар, Жаңаөзенде сервистік қызмет көрсететін компанияның жұмыс істеген жүздеп астам топ талап қойған болатын. Олар өздері еңбек еткен мекемеге өндірістік жұмыс беруді сұрап талап қойған. Кейін бұл наразалық Астанада Энергетика министрлігінің алдында жалғасты. Кейін оларды күштік жасақ қамауға алып, бір күннен соң Маңғыстауға пойызбен аттанды. Олардың арасынан онға тарта адам келіссөздер үшін Астанада қалып, арнайы құрылған комиссия өкілдерімен бірнеше рет кездесті. Алайда мәселе толығымен шешімін тапқан жоқ.