Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. Алматыда конференция өтіп жатыр

2 октября 2023 г. 13:23 / Новости Казахстана

Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, журналист Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Алқалы жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді, - деп жазады ҚазАқпарат

 

Конференцияда еліміздегі детектив жанрының дамуы мен ерекшелігі, «Қазақ детективінің атасы» атанған жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен тың тұжырымдар талқыланды.

Сарапшы ғалымдар Кемел Тоқаев тек қазақ детектив жанрының ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осынау бірегей жанрдың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті.

Қырғызстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынды.

«Отызыншы жылдардағы қазақ пен қырғыздың басынан өткен қиын тағдырды сол музей аясында көпшілікке таныстыруға болар еді», - деді Нұрлан Қалыбеков.

"Маьнавият ва маьрифат» республикалық орталығының жетекшісі, Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов қазір Өзбекстанда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын аудару ісі қарқын алғанын, Кемел Тоқаевтің 100 жылдығы қазаққа ғана емес, өзбекке де ортақ мереке екенін жеткізді. Сондай-ақ, өзбек тілінде аударылған Кемел Тоқаевтың кітабын Қазақстан Жазушылар одағына сыйлады.

Конференция аясында «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» атты тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.

Конференция қорытындысы бойынша спикерлер мен сарапшылардың баяндамалары арнайы жинаққа басылып шығады.

Фото: Александр Павский/ "ҚазАқпарат" ХАА

Автор
Новости партнеров