Атырау ауылдарына жұмысқа барған жас дәрігерлерге қаржы мен қызметтік баспана беріледі
Атырау облысының ауылдарына жұмысқа баратын жас дәрігерлерге 5 млн теңге мен қызметтік баспана беріледі, деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облысы әкімдігінің таратқан ақпараты бойынша, өңірге 280-нен астам медицина маманы, оның ішінде 183 дәрігер жетіспейді.
«Осыған байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәркеновтің қолдауымен өңірге жұмыс істеуге келетін жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, қалада орналасқан медицина мекемелеріне жұмысқа орналасқан маманға 3 млн, ауданға барған дәрігерлерге 5 млн теңге қаражат, қызметтік баспана немесе Отбасы банкі арқылы несиелік тұрғын үй беріледі. Осыған байланысты Атырау облысындағы ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері Астана медицина университетінде интерн және резиденттермен кездесу өткізді», -деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевты
Әсіресе, өңірде акушер-гинекологтарға сұраныс жоғары.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірге кадрларды тарту мақсатында 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға 24 орын берілгенін айтып өтті. Оның ішінде екі акушер-гинеколог маманы даярланбақ.