Алаяқтықпен айыпталған оралдық блогер 7,5 жылға сотталып кетті

24 мая 2023 г. 19:20 / Новости Казахстана

Оралда алаяқтық жасады деп айыпталған блогер Асылан Өтепов 7,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Arbat.media.

Бас бостандығынан айырылған блогер мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айрылды. Астана арнасының сюжетінде сот залындағылар сотталушы блогерді қол шапалақтап қарсы алып, бостандық берілуін талап еткені айтылады.

Бірақ сот оны айыпты деп танып, екі жәбірленушіге 3 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген. Сот кезінде Асылан Өтепов жергілікті кәсіпкерге жер телімін алып беремін деп бірнеше рет қомақты ақша алғаны дәлелденді. Даулы ақшаны алғанын мойындамаған блогер өзінің заңгер ретінде ақылы қызмет көрсеткенін айтады. Бірақ жазасын жеңілдету үшін сотқа қайта шағым түсірмеймін дейді. Өйткені кәмелетке толмаған үш баласы бар, сондықтан қорғаушы жалдауға ақшасы жоқ көрінеді.

Асылан Өтепов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің төрт бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылсын. Ол сот үкімімен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айрылсын. Өтеповтен екі жәбірленушіге 2 миллион 900 мың теңге көлемінде өтемақы өндірілсін, - деді судья Роза Сариева. 

Блогер ретінде танымал Асылан Өтепов трамадолдың Оралда заңсыз сатылуына қарсы шыққан болатын. Осы препараттың емін-еркін сатылуымен күресіп, саудагерлерді әшкерелеген ол әлеуметтік желіде батыл мәлімдемелерімен танылған еді. Сондықтан оны қолдаушылар сот үкімімен келіспей отыр. 

Сотта жәбірленушілер өз сөзінен өздері айнып, талай қателесті. Бірақ сот бұған қарамады. Тіпті айыптаушылар Асыланға қанша ақша бергенін ұмытып қалыпты. Мұның бәрі ескерілмеді. Ақшаны алған және берген адамдар сырт қалып, екі ортада Асыланды соттап жіберді, - деді қала тұрғыны Болатжан Жұрмұхамедов. 

Автор
Новости партнеров