Новости Казахстана17 июня 2023, 21:00

Жер сатылып жатыр деген қауесет - жалған әңгіме - Тоқаев

Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда президент Тоқаев жер сатылып жатыр деген қауесетке қатысты пікір білдірді. Сонымен бірге, шекарадағы аудандарды дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылатынын атады, деп хабарлайды Arbat.media.

Құрылтайда президент шекарадағы аймақтарды дамытумен қатар жер сатылып жатыр деген алыпқашпа әңгімеге жауап берді.

Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат, - деді Қ.Тоқаев. 

Президент жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданғанын, сонымен қатар оған қатысты шешім заңмен біржола бекітілгенін атады. Сондай-ақ. түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керектігін жеткізді.

Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе, - деді ол. 

Бұдан бөлек шекара шетіндегі кейбір елдімекенде халық саны күрт азайып кеткеніне тоқталды.   

Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешім қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс, - деді ол. 

Құрылтайда сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев алда аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда ауылды дамытуға үкімет айрықша күш салатынын атап өтті. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Жер сату Қоғам

Новости по теме