Placeholder
Новости Казахстана14 декабря 2022, 19:20

"Террористпін!". Әскери адамнан зардап шеккен тұрғын оқиғаның қалай болғанын айтты

Жамбыл облысында әскери қызметшінің ауыл тұрғындарын ұрған әрекетінен кейін зардап шеккен азамат аrbat.media-ға арнайы сұхбат берді. Құлан ауылының тұрғыны Азамат Тәжиев оқыс оқиғаның 12 желтоқсан күні кешкілік болғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында әскери адам ауылдағы бірнеше үйге басып кіріп, тұрғындарды ұрып тастады. Оқыс оқиға кезінде бірнеше тұрғын зардап шегіп, бұзақыны полиция қамауға алды. 

Өңірдің полиция департаментінің мәліметі бойынша аталған оқиға 12 желтоқсанында Т. Рысқұлов ауданында болған. Әскери киімдегі белгісіз ер адам Құлан ауылындағы бірнеше үйге кіріп, кездескен әйелдерді соққыға жықты.

"Ер адам кешкі уақытта үй ауласында орналасқан дүкенге кіріп, 45 жастағы әйелдің бетінен ұрған. Содан соң осы көшеде орналасқан тағы екі пәтерге бөлек кіріп, алдынан шыққан 45 және 43 жастағы азаматшаларды ұрып-соққан. Соңғы азаматшаның үйіндегі жолдасы аталған ер адамды ұстап, полиция қызметкерлерін шақыртты", - деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.

Жарақат алған әйел біздің редакцияға сұхбат берді.

- Сол күні кешкілік тамағымызды ішіп болған бетіміз еді. Сағат шамамен 19:15 шамасында үй ішінде аласапыран басталды да кетті. Мен жатын бөлмеде болдым. Ашық тұрған үйдің есігінен әлдебір адам басып кірген. Әйелімнің «Сіз кімсіз?» дегеніне қарамастан көзінен оңдырмай ұрып салыпты. Қызым сол сәтте немеремді көтеріп, маған қашып келді. Бөлмеден шыға бергенімді әскери адам кеудемнен тепті. Аяғынан ұстап үлгеріп, бірге құладық. Сол сәтте қолын қайырып, полиция шақырдық.

- Ұстап алған сәтте әскери адам тілге келіп, ештеңе айтпады ма?

- Террористпін деді. Қорқып кетіп, әйеліме есікті іштен жауып алуды бұйырдым. Себебі, сыртта тағы 3-4 адам бар болар деп ойладық. Арада біраз уақыт өткенде полиция жасағы келіп ұстап әкетті.

Азамат Тәжиевтің айтуынша, әскери қызметші 2000 жылы туған Жохангир Мусаипов есімді жігіт екен. Ол Ақмола облысының тумасы көрінеді.

- Құландағы әскери бөлімде қызмет етеді. Сол оқиғадан бұрын ол кафелердің бірінде ішкен. Сонымен қоса синтетикалық есірткі тұтынғаны анықталып отыр. Біз тұратын үй екі қабатты 4 пәтерлі ғимарат. Әуелі төменгі қабаттағы дүкенге кіріп, сатушы әйелді ұрған. Оның мүгедек қызы бар еді. Оны да көзден ұрып, көзілдірігін сындырған. Әкесі келіп жеткенде соққының астына алыпты. Шу болған сәтте қашып шығып, көрші пәтердегі әйелді кеудеден тепсе керек. Үйде отырған әйел күйеуі екен деп есікті аша салған. Қазір кеудесіне зақым келіп, шеміршектері сынып, демалуы қиындағанын айтты.

- Өз отбасыңыздың жағдайы қалай?

Қатты соққыдан әйелімнің көзі ашылмай қалды. Қазір Тараздағы облыстық көз дәрігеріне қаралып жатыр. Өзім де қатты соққы алғанымды біраз уақыттан кейін сезіндім.

- Полиция бірден келді ме?

- Иә, көп ұзамай келіп жетті. Үйде қолын қайырып отырғанымда жиырмаға жуық адам кіріп келді. Арасында зардап шеккен көршілерім де бар. Әскери қызметшіні бірден қамауға алды. Білуімше, бүгін оны әскери полиция табыстады.

Арбат медиа бұған дейін Жамбыл облысында болған шектен шыққан оқиға туралы жазды. Осыдан кейін Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті қылмыстық іс қозғағаны айтылды. 

 

Жамбыл облысы Әскери қызметкер полиция Қоғам

Новости по теме