Новости Казахстана28 февраля 2023, 23:28

Солтүстік Қазақстанда 50-ден астам елікті заңсыз атқан үш күдікті ұсталды

Петропавл қаласының 3 тұрғыны 50-ден астам елікті заңсыз атқан деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arbat.media.

Аталған үш азаматтың көлігінен және саяжайдағы үйлердің бірінен  еліктердің бас-сирағы мен терісі және екеуінің тұтас еті табылып отыр. 

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық полиция ведомствосының басқа бөлімшелерімен бірлесіп, аса ірі мөлшерде заңсыз аң аулады деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстағанын мәлімдеді. 

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Петропавл тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат түскен.

27 ақпан күні таңертең "Челябі-Новосібір" тасжолының 525 шақырымында тексеру барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы Петропавл тұрғынының басқаруындағы «ВАЗ-2115» автокөлігін тоқтатқаны белгілі болды. Көлікте 29 және 30 жастағы тағы екі облыс орталығының тұрғыны отырған. Автокөліктің жүксалғышын қарау кезінде сойылмаған 4 сібір елігі, сондай-ақ "ТОЗ" маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, 2 патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтар тәркіленді.

Бұдан әрі іс-шараларды өткізу барысында Петропавлдағы саяжай қоғамдарының біріндегі үйден екі еліктің мүшеленбеген еті, 41 еліктің терісі, 119 тұяқ, 12 аңның басы табылды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәркіленген қару мен аңдардың сирақ-басы, терісі мен еті сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Жандос Басыбаев.

Ұсталған күдіктілер енді заңсыз аңшылық әрекеттері үшін 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға міндеттелуі мүмкін екендігі айтылды. 

СҚО Петропавловск Елік Аңшылық

Новости по теме