Placeholder
Новости Казахстана22 декабря 2022, 20:01

"Қазақстан қазір Ресейдің көңіл күйін, жағдайын ескеруге мәжбүр" - Айдос Сарым

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстан Ресейдің Украинаға соғысын тоқтату туралы БҰҰ-ның резолюциясын тоқтатуға қарсы дауыс беруінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды arbat.media.

"Мұндай шешімнің Қазақстан халқы мүддесі тұрғысынан қабылданған шешім деп ойлайсыз ба?" деген сауалға депутат "мәжбүрліктен" деп жауап қатты.

Қазақстан Ресей құрамына қосылған Қырым, Донбасс, басқа да облыстарды мойындамайтыны туралы айтты. Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс жүріп жатқанын түсінуіміз керек. Әр тарап өзінің мүмкіндігін арттыру үшін БҰҰ-ның трибунасын пайдаланады. Заңды нәрсе. Біздің мәселе өзіміздің жағдайды ескере отырып, көптеген жағдайда қалыс қалып отырады. Сол сияқты дипломатиялық ырым-жоралғыларды жасауға мәжбүрміз. Осы жағын да дұрыс түсінуге шақырамын, - деді Айдос Сарым.

Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты еліміздің Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату туралы бастамаға қарсы дауыс берудің салдары ауыр болмайтынын атаған.

Қазақстан келесі жол қалыс қалады. Бұл жолғысы амал жоқтықтан болды. Қазақстанның жағдайын ескерсеңізші. Үлкен бір үйде тұрып жатырсыз делік. Бір көршіңіз алқаш, екіншісі нашақор дейік. Сіз солардың жағдайын ескеру керек я күшіңіз жетсе солармен күресуіңіз қажет. Біздің Қазақстан қазір Ресейдің көңілін, жағдайын, ондағы қоғамдық пікірді ескере отыруы тиіс, - деді Айдос Сарым.

Өз жауабында ол Қазақстанның қандай жағдайда да Ресейдің ығына жығылған саясатты ұстануына мәжбүр болатынын алға тартты.

Бұл соғыстың біздің елге келгенін қалайсыз ба? Мен қаламаймын. Сондықтан осылай тіршілік жасауға мәжбүрміз. Бұл деген соғысты қолдау емес. Қазақстан соғыс туралы бірнеше рет мәлімдемесін жасаған. БҰҰ-ның қабылданған ірі шешіміндерінің астында Қазақстанның қолы бар. Дипломатиялық жолмен шешуді күн сайын айтып жатырмыз. Әзірге біздің қолымыздан келетін осы. Қазір Тоқаевтың орнына кім келсе де бір аптадан кейін осы саясатты ұстануға мәжбүр болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Өкінішке қарай, бұл ойында біздің ұпайымыз аса керемет емес. Сондықтан көрпемізге қарай көсілеміз, жағдайды ескереміз. Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайын да ескереміз. Қазір Қазақстанға 5-10 жылдық тыныштық керек. Осы тыныштықты пайдаланып еселеп өзінің рефорламаларын жүргізуі керек, өзінің қорғаныс саласын күшейту керек. Басқа да кезек күттірмейтін шаруалар бар. Соны қамтамасыз ету үшін кейде өзімізге ұнамайтын шешімдерді қабылдауға мәжбүрміз, - деді депутат.

15 желтоқсанда Қазақстан Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатып, әскерін шығаруды талап еткен БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс бергені мәлім болды. БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған құжатты 82 мемлекет қолдап дауыс берсе, 14 ел қарсылық танытқан. Ал 80 ел дауыс беруден қалыс қалған. 

 

Айдос Сарым депутат Ресей Украина

Новости по теме