Placeholder
Новости Казахстана18 мая 2023, 22:20

Маңғыстау балықшылары итбалықтардың қырылу себебінің қаншалықты қауіпті екенін сұрап отыр

Түпқараған ауданының балықшылары Каспий теңізінің қазақстандық секторының фаунасын қорғау және мониторингілеуге маманданған Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарына жүгінді, деп хабарлайды Arbat.media.

2023 жыл басталғалы бері Маңғыстау облысында 185 өлі итбалық пен 48 бекіре балығы анықталған. Сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Ал, 2022 жылы итбалықтардың өліміне пневмония себеп болғаны айтылған.

Аптасына бір рет Каспий итбалықтары, балықтар, құстар көп мекендейтін аймақтарды аралап бақылаймын, олардың жағдайы онша жақсы емес. Мамырдың 6-сы Морской, Святой, Құлала аралдарын айналып жүріп, өлі қоқиқаздарды таптым, олардың қауырсындарына майлы зат жағылған. Өлі итбалықтар наурыз айында жағаға шығып қалды, жыл сайын олардың саны артып келеді. Біз, Түпқараған ауданының тұрғындары, мемлекеттік органдардан нақты жауап беруін сұраймыз – олардың өліміне не себеп? Мұнай компаниясының қызметі немесе вирус па? Олар басқа жануарларға ауру жұқтыруы мүмкін деп алаңдаймыз. Өлген итбалықтардың өлекселері ашық жерде өртеледі, бірақ олар толық жанбайды. Иттер олардың қасында жүреді, ал егер бұл вирус болса не болмақ? Үй жануарлары ауруды адамдарға таратуы мүмкін бе? Суға түсу маусымы алда, балаларды теңізге шомылуға жібере алмаймыз енді, - деді Руслан Жапанов мемлекеттік мекеме өкілдерімен кездесуде.

 Жайық-Каспий өңіраралық бассейнінің басшысы Нұрлыбек Ғайсин  алдағы жылдары итбалықтардың өлімі күрт артуы мүмкін екенін атады. 

– Каспий итбалығы популяциясының 90 пайызы біздің акваторияда. Өлімнің себептері әртүрлі болуы мүмкін - табиғи себептен вирусқа дейін. Кеме винтінің астына түсуі немесе балық аулау торынан зардап шегетін жекелеген жағдайлар да бар. Мәселен, Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің мәліметінше, алдағы 2-3 жылда итбалықтардың пневмониядан өлу көрсеткіші артуы мүмкін. Дәл солтүстік-батыстан соққан жел кезінде мал өлекселері Түпқараған өңірінің жағалауына жеткізіледі деген болжам бар. Бүгін біз Қызыл кітапқа енген жануарлардың қырылуына жол бермеу үшін әр орган өз бағытында қандай шараларды қолға алатынын, мониторинг пен зерттеу бойынша бірлескен жұмысты қалай жақсартуға болатынын талқылау үшін жиналдық, – деді  Жайық-Каспий өңіраралық бассейнінің басшысы Нұрлыбек Ғайсин.

Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Ілияс Сандыбаев мұнай компанияларының қызметінің Каспий теңізінің флорасы мен фаунасына әсерін қоса алғанда, барлық нұсқаларды қарастыру қажет екендігін алға тартып отыр. 

Қазіргі уақытта өңірдегі Түпқараған ауданында және Атырау облысында екі қорықты құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап  Каспий теңізін қорғау және мониторингілеу жұмыстары басталмақ. 

Итбалық Маңғыстау облысы Қоғам

Новости по теме