Новости Казахстана7 июня 2023, 22:56

Әмір Омарханов Грузияда өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанды

Қазақстандық Әмір Омарханов Грузия астанасы Тбилисиде 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды Arbat.media ҚР теннис федерациясына сілтеме жасап. 

Қарағанды теннис мектебінің түлегі, қазіргі кезде Чехияда жаттығып жүрген 15 жасар Әмір Омарханов жекелей және жұптық сында үздік шықты.

Әмір жекелей сында әзербайжандық Канан Гасимовты 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Қазақстандық теннисші финалға дейін де қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ.

Ә.Омарханов жұптық бәсекеде болгариялық Иван Найденовпен бірге қазақстандықтар Ілияс Маратұлы – Виталий Зацепинді жеңді – 6:3, 6:4.

Осылайша, Әмір Омарханов ITF Juniors додасында бесінші титулына қол жеткізді. Соның ішінде екеуі – жекелей сында. 

Тбилисидегі табысы нәтижесінде қазақстандық спортшы жасөспірімдер әлемдік рейтингісінде 298-орынға көтерілді.

Сол секілді Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнир қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды.

Альбина Кәкенова финалда Дильназ Машабаевадан айласын асырды. 

Жұптық сында Іңкәр Дүйсебай өзбекстандық Дарья Шубинамен бірге супер тай-брейкте Әдемі Аманкелді мен ресейлік Екатерина Ходжаевадан жеңісті жұлып алды – 3:6, 7:6 (7:5), 10:3. 

Альбина осымен ITF juniors жарысында екінші рет жеңімпаз атанып отыр.

Әмір Омарханов Теннис Грузия

Новости по теме